Dihankol

ДИХАНКӨЛ АУЫЛЫНЫҢ БЕЙРЕСМИ САЙТЫ


Тұлғалар -> Әбілдаев Нұрболат Есенбекұлы


Әбілдаев Нұрболат Есенбекұлы




ТӨЛЕБИДІҢ ТАЛАНТТЫ ҰЛЫ

 

Нұрболат Есенбекұлы Әбілдаев  1981 жылдың 12 ақпанында Оңтүстік Қазақстан облысы, Төле би ауданы, Диханкөл ауылында дүниеге келген. 1998-ші  жылы "Диханкөл орта мектебін" бітірген соң, кәсіп меңгеру мақсатында 1998-2001 жылдары Шымкент қаласы "Агро-техникалық колледжінде" электрик-механик мамандығын алып шығады. Мұнан соң 2002-2006 жылдары М. Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университінің стандартицазия және сертификациялау мамандығы бойынша сырттай оқып тәмамдайды.

 

Арманы асқақ, бала кезінен бойында таудай таланты бұғып жатқан бозаң жігіт 2001 жылы жаңадан құрылған «Шымкент-шоу" театрында бақ сынап көрді. Топырағынан талай дарынды дүлдүл түлеп ұшқан Төлебидің тумасы конкурстан сүрінбей өтіп, жастар театрының белді мүшесіне айналады

 

Жиырма жылдан астам сахна төрінде талмай өнер көрсеткен актер барша қазақ елінің сүйіспеншілігіне бөленді, сатираның сардарына айналды. Театр ұжымымен бірге еліміздің түкпір-түкпірін гастрольдік сапармен аралап, «Шымкент шоуды» шартарапқа танытты

Нұрболат Есенбекұлы театрдағы комедиялық рөлдерден соң, кино әлеміне де қанат жайып, бірнеше фильмдерге түсіп үлгерді. Әсіресе, «Зың-зың Күлпәш» сериалы, «Өмірдің өзі новелла», «Пайғамбарға сағыныш». «Шатыр астындағы екеу» атты кинолар танымалдыңын үстеп, қалың көрермен алдындағы абыройын арттыра түсті. Бүгінгі күні ол сәтті сомдаған кейіпкерлер, соның ішінде Нәконай есімі Қазақстан өз алдына, көршілес Өзбекстан, Қырғызстан, қарақалпақ ағайынға да етене жақсы таныс. Сахналық шеберлігінің арқасында Нұрболат Есенбекұлы ел алдында есімі еселенген азамат

 

Шығармашылықтан тыс кәсіпкерлікті де қолға алып үлгерген Нұрболат Әбілдаев 2021 жылы туған ауылы Диханкөлден саумал шипажай орнын ашты. Осы жылы Төлеби ауданының әкімі Төлеген Телғараевтан «Үздік кәсіпкер" төс белгісімен марапатталды. Диханкөл ауылының яғни Тоқпан баба, Құдайбақ баба ұрпақтарын «Тумалас kz»  сайтына шежіреге ауыл  тұрғындарын түгел енгізуші

 

Нұрболат Есенбекұлы өсіп өнген, көп балалы отбасынан шыққан. Әкесі Есенбек ауылдың сыйлы, құрметті, ел қадірлеген ақсақалы, аузынан әзілі түспейтін кісі болған. Анасы Гулзаһира (Кулата) Қапал руынан шыққан. «Жігіттің жақсы болмағы нағашыдан», нағашы жұрты да осал емес, анасы Гүлзаһира кезінде ел басқарған аудан мақтанышы болған Қалдар Қошанбаевтың туған қарындасы

 

Осылай қастерлі өнер жолын ту еткен Нұрболат Есенбекұлы аудан мақтанышы ғана емес, ел мақтанышы.

 




Диханкөл ауылының қоғамдық бейресми сайты © 2018 - Автор: Нұржан Тойшы / Nurzhan Toishy