Dihankol

ДИХАНКӨЛ АУЫЛЫНЫҢ БЕЙРЕСМИ САЙТЫ


Тұлғалар -> Сарымбетов Қасымбек Әбдіхалықұлы


Сарымбетов Қасымбек Әбдіхалықұлы




Қазақтың дархан даласында, дарынды перзенттер легі аз болмаған. Қазақтың жаны мен даласы күй мен әнге бай. Күмбірлетіп қара ішекті қағып ұрар, хас таланттар, біртуар тұлғалар мен бір рет қана өмірге келер күйшілер өткені тарихымыздан белгілі. Осындай хас дарындардың, хас асылдардың сынығы, сегіз қырлы бір сырлы шығармашылық иесі – Қасымбек Әбдіхалықұлы Сарымбетов.
      Қасиетті жолдың ізін басып, дарыны мен талантын көрсетіп жүрген азамат – 1952 жылы 18 маусымда Оңтүстің Қазақстан облысы, Төле би ауданы, Диханкөл ауылында, қызметкер отбасында өмірге келген. Туған жердің тұмса табиғатындай көркемдік пен сұлулықты бойына дарытқан жан 1967 жылы Диханкөл ауылындағы 8 сыныпта білім алып, 1967-1969 жылдары Ленгір қаласындағы «Ш.Уалиханов» атындағы №2 орта мектепті жақсы білім сапасымен бітіреді. Мектеп қабырғасында оқып жүріп, қалада, облыста өткізілген пәндер және ән-күй олимпиадасына қатысып, оқу ордасындағы үрмелі аспаптар оркестрінде ойнаған жас дарын талантын ұштаған. Жас кезінен бастап қасиетті домбырада Құрманғазының және басқа да халық күйшілерінің туындыларын мектеп оқушылары мен ата-аналардың алдында орындап, көп көзіне түсе бастаған. Жастайынан өнер мен шығармашылыққа қызығушылығы жоғары оқушы 1969 жылы Алматы қаласында, ДОСААФ клубында радио - телешебер және дизелист мамандықтарын оқып, білімін жетілдіреді. Осындай білімді де талантты шығармашылық иесі Отан алдындағы азаматтық борышын өтеу үшін 1970-1972 жылдары Кеңес армиясы қатарына алынып, әуе шабуылына қарсы, қорғаныс (ракеталық әскерінде) командалық пункте қызмет атқарған. Әскери басшылар тарапынан туған жерге кезектен тыс он күнге демалыс беріліп және ата-аналарына «Алғыс Хат» жолданады. Талапты да, қажырлы жас жігіт 1976 жылы Алматы халық шаруа-
шылығы институтында бухгалтер-экономист мамандығы бойынша білімін тереңдетіп, жоғары көрсеткіштермен бітіріп шығады. Білімді де өнерлі жас маман, бар ықыласын өз мамандығына қойып, еңбек жолын 1976 жылы Алматы қалалық сауда басқармасында бухгалтерліктен бастайды. Қабілет-қарымын көрсете білген білімді маман 1977-1979 КАЗ ССР геология министрлігінде аға экономист болып қызмет атқарып, 1979 -1982 жылдар аралығында Шымкент қалалық өндірістік тауарларды сату басқармасына қарасты шаруашылық есептегі №26 дүкенінің аға товараведі болып қызмет жасайды. Өз саласында мол тәжірибе жинақтаған дарынды тұлға Шымкент қалалық өндірістік тауарларды сату басқармасында, кадрлар бөлімінің бастығы болып басшылық қызмет атқарады.

Ортасына сыйлы, еңбегі адал, жұмысына тиянақты жанның қай істің басында жүрмесін тасын өрге домалатып кетері ақиқат. Жауапты істе білікті маманға сенім артылып 1982-1989 жылдары Шымкент қалалық өндірістік товарларды сату басқармасына қарасты шаруашылық есептегі №24 магазиннің директоры қазметін атқарады. Атқарылған жұмыс барысында басшылар тарапынан «Мадақтау Грамоталары» және Қазақстан орталық компартиясы тарапынан «Құрмет Грамотасымен» марапатталып, 1989-1991 жылдары Оңтүстің Қазақстан облысы депутаттар кеңесінің, облыстық атқару комитеті төрағасы орынбасарының референті, экономикалық мәселелер бойынша кеңесшісі болып жауапты міндеттемелерді мойнына алып, ойдағыдай атқарады.
      Тәжірибелі қызметкердің жұмысы қарқынды жүріп, өз саласының майталманы бола бастаған біртуар тұлға 1991-1996 жылдары Шымкент қаласының орталық әмбебап магазинінің директоры болып жұмыс жасап, кейін «Шымкент сауда үйі» акционерлік қоғамының президенті қызметін жоғары деңгейде жүргізеді.
      «Жылқыда да жылқы бар, қазанаты бір бөлек, жігітте де жігіт бар, азаматы бір бөлек» - дегендей, ақылы мен жүрегін бойына қатар тоғыстыра білген күрескер жан өз жеке кәсібін дөңгелетіп, 1996 жылдан 2000 жылға дейін кәсіпкерлікпен айналысады. «Биікке қырандай қалықтап қыран да шығады, өрмелеп жылан да шығады»,-деп хакім Абай айтқандай, өмірдің табысты да табанды жолын басып өтіп, асқар шыңына қырандай қанатын қомдап, еркін де талмай ұшқан қыран тектес жан десек, асылық айтқан емес. Атына заты сай білікті тұлға 2000 жылдан 2015 жылы зейнеткерлікке шыққанға дейін ҚР қаржы министрлігінің Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша қаржылық бақылау инпекциясында бөлім бастығы, бас маман, бас бақылаушы-тексеруші қызметтерін мүлтіксіз атқарады. 

Үздіксіз даму мен жетілу үстінде отыратын тәжірибелі маман 2001-2003 жылдары Қазақстан Республиксының ОК «Қазақстан темір жолы» АҚ Шымкент бөлімшесіне қарасты ПЧ-53 мекемесінде бас есепшісінің орынбасары болып және Шымкент бөлімшесіне жетекші қаржыгер қызметін атқарады. Талай-талай жақсы істің бел-ортасында болып, белді қызметтерін атқарған ардақты да құрметті жанның халқы мен елінен алар алғысы шексіз. Сондай- ақ, ниет пен ықыласты тілектердің бір шоғырын атап өтер болсақ, Мемлекетіміздің Тәуелсіздігі жылдарында ҚР мемлекеттік қызмет жүйесін іске асыруды қосқан еңбегі бағаланып, 2011 жылы ҚР мемлекеттік істері агенттігінің «Құрмет Грамотасын» иеленеді. 2012 жылы мемлекеттік қаржылық бақылау саласында көп жылғы мінсіз еңбегі үшін ҚР қаржы министрлігі қаржылық бақылау комитеті «Құрмет Грамотасымен» марапатталып, «Азаматтарды қорғау жұмыстарының үздігі» медалінің иегері атанады.
      Тек жетістіктер пен жеңістерге талмай жете білген талантты тұлғаның қанында тектіліктің ағысы тулап, бойында әке мен ананың тұнық та тағылымды тәрбиесі бар екені анық аңғарылады. Талантты перзентті бағып-қағып өсірген асқар тау әке Сарымбетов Әбдіхалық - Ұлы Отан соғысы және еңбек ардагері. Ауылды колхоздандыру жұмысына белсене қатысып, Жамбыл колхозының төрағасы, Калинин колхозы төрағасының орынбасары, зоотехник қызметтерін табанды атқарып, 1968 жылы зейнеткерлікке шыққан. Жұмыстан қолы қалт етіп босаған шақтарында өлең дәптеріне өлеңдер жазып қалдырған ақынжанды кісі. Туып-өсіп, еңбек атқарған «Диханкөл» ауылының бір көшесіне Әбдіхалық ақсақалдың аты беріліп, ұрпақтары мәңгі мақтаныш етіп жүрер із қалдырады. Теңіздей түпсіз терең анасы – Ақылбекова Алтыннның суырып-салма ақындығы да болған. Ата-анасы 12 ұл - қыз тәрбиелеп өсірген бақытты жандар болған. Ол кісілерден таралған ұрпақтар саны қазіргі таңда 100-ден асады.
      Қасымбек ағамыз 2009 жылдан бері шығармашылықпен шұғылданып келеді. Бұл күндері ол – 110-нан аса нотаға түскен әндері, 40-тан аса күйлердің және «Ана жүрегі», Әбу Насыр Әл-Фараби толғауы атты музыкалық поэмалардың авторы. 2011 жылы «Туған елім-тұғырым» кітабы, 2019 жылы «Қыран» атты күйлер жинағы жарық көреді. Ата-бабаларымыз көне замандардың өзінде мәңгі өлмес рухани мұра жасап, кейінгі ұрпағына ұлан - ғайыр қазына етіп қалдырған. Осы қазынаның бірі – күй өнері. 2014 жылы Оңтүстік Қазақстан облысы әкімдігінің ұйымдастыруымен, «Қазыналы оңтүстік» бағдарламасы аясында облыстық мәдениет және халық шығармашылығы орталығының жинақтап әзірлеуімен Алматы қаласының «Қазығұрт» баспасында «Оңтүстіктің 100 күйі» атты күйлер жинағы жарық көреді. Бұл жинаққа Оңтүстік жерінде туған, сондай-ақ, осы өлкені жанындай сүйген өнер иелерінің асыл туындылары жарық көріп, көпке жол тартқан. Аталмыш күйлер жинағына Қасымбек Сырымбековтың «Киіз басу-ақжелең», «Дәуір» және «Шаттық» күйлері енген. «Бәйге» атты күйін филармонияның «Сүгір Әли» атты күйі халық аспаптар оркестрінің репертуарында ойналып жүр. Автордың «Туған елім» атты шығармасын Қазақстан, Қырғыстан Республикасының еңбегі сіңген әртісі, бірнеше халықаралық байқаулардың жүлдегері, танымал әнші – Гүлнара Сиқымбаева орындап жүр.

Сондай-ақ, оның туындылары облыстық филармонияның халық аспаптары оркестірінің, әншілерінің репертуарында және Қазақстан - Шымкент радиосы арқылы эфирден берілуде. Осындай шығармашылыққа мол өнім беріп, халқының қазынасына баға жетпес жауһарлар қосып, жатқан талантты жан Қасымбек Әбдіхалықұлы Сарымбетов - ҮІ республикалық «Елім менің» патриоттық әндер конкурсының «Аманат» номинациясы бойынша «Асыл ана» әні үшін жүлделі орын иеленіп, ҚР мәдениет және ақпарат министрлігінің көтермелеу жүлдесімен марапатталады. Оңтүстік Қазақстан облысының 80 жылдығына арналған жаңа әндердің республикалық байқауында «Оңтүстігім» әні үшін ІІІ орын алып, Диплом табыс етілді. 2014 жылы Қазығұрт аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімімен «Әнім сенсің, Қазығұрт» облыстық сайыскерлер байқауында ІІІ орын және 2015 жылғы Сарыағаш ауданымен ұйымдастырылған «Ән тербеген Сарыағаш» атты облыстық композиторлар байқауында ІІІ орын иеленіп, дипломдармен мараппаталады. 2011-2012 оқу жылы Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша мектеп, колледж оқушылары арасында «Өнер құдіреті-мәңгілік» айдарымен өткізілген олимпиада да оқушылардан құралған халық аспаптары орындауында «Киіз басу-ақжелең» және 2010 жылы «Тарихқа толы мәдени өлке - Оңтүстік» айдарымен өткізілген олимпиада да «Дәуір» күйлері орындалып, облыстық білім басқармасы тарапынан 2012 жылы «Алғыс Хатпен» марапатталып, шексіз алғысқа бөленеді. 
      Қасымбек Сарымбетовтың ән, күй шығармашылығы түрлі бейнедегі тақырыптар мен образдарды қамтиды. Лирикалық және патриоттық, туған еліне, жеріне, тарихи тұлғаларға арналады. Автордың екі бағыттағы поэтикалық және музыкалық шығармашылығы бір арнада тоғысып, өлеңдерінен айқын әндер туындаған. Күйлері дәстүрлі төкпе және шертпе бағыттарын қамтиды.Оның өлеңдері, әндері, күйлері автордың қызмет бағытына қарамастан, адамның рухани әлемін айқындаудың тамаша үлгісі. Автордың шығармашылығы қазақтың ұлттық мәдениетіне үйлесімді еніп, оның дәстүрін байытады. 
      Қасымбек Әбдіхалықұлының шығармашылығы туралы мәліметтер, республикалық газет-журналдар арқылы беріліп тұрады. «Жаңа шолпан», «Қазығұрт», «Шаңырақ келбеті» республикалық журналдарында, республикалық «Дөңгеленген дүние», облыстық «Оңтүстік Қазақстан» газеттерінде және т.б басылымдарда жарық көрген. «А.С.Пушкин» атындағы облыстық әмбебап-ғылыми кітапханасы мен барлық ағымдағы ақпараттық құралдарда жарық көрген материалдар негізінде «Оңтүстік Қазақстан күйшілері» атындағы библиографиялық анықтамасында мәліметтер тізімі беріліп, жарияланған. Облыстық сауда қызметкерлері ардагерлер кеңесінің мүшесі болып толықтырады. Ащыны да, тұщына да бірге татып, бақытты да баянды ғұмыр кешіп келе жатқан жұбайы – Нәсия Нұрмаханбетқызы Алтаева. 25 жылдан аса «Ы.Алтынсарин» атындағы облыстық балалар кітапханасы және «А.С.Пушкин» атындағы облыстық әмбебап-ғылыми кітапхана директоры қызметін атқарған аяулы да ардақты жан. Еткен еңбегі мен табысты қызметі үшін берілген Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері. Ғұмырын ізгілік жолына арнаған жанкешті жандар, білікті де білімді маман иелерінің өмірі - жалғасып келер ұрпаққа өнеге тұтар үлгілі жол. 
      Әр адамның қуанышы мен шаттығы қасиетті шаңырағындағы перзенттерінің дүние есігін ашып, аман-есен жүргенімен де байланысты. Ата -ана үшін одан асқан байлық та, қызық та болмас.
      Қасымбек Әбдіхалықұлының құдай қосқан қосағы Нәсия Нұрмаханбетқызы екеуі - Айман атты қыз, Дәурен атты ұл тәрбиелеп, олардан: Әлібек, Омар, Мәрия және Халима атты немерелерін сүйіп отырған бақытты жандар. Жауапты қызмет атқарған маман - халқы мен елінің руханиятына өзінің сүбелі үлесін қосып кеткен шығармашылық иесі, ұлтының мақтанышына айналып, зор еңбек сіңірген құрметті де сыйлы азамат, шаңырағын құлатпай тік ұстай білген тіреніш, адал да салиқалы жар, ұл - қыз тәрбиелеген шыңы құзар асқар таудай – әке, халқының қалаулысы, елінің – елеулісі, тілі балдай тәтті немере сүйіп қызықтап отырған ақсақалды – ата. Міне, бір адамның ғұмырына жетер атақ - абырой, табысты да жеңісті жол. Талантты да дарынды жандардың есімі мәңгі ел есінде жаңғырып, ұмытылмасы – ақиқат. Жасампаз жандардың ерлігі мәңгі өнеге! 




Диханкөл ауылының қоғамдық бейресми сайты © 2018 - Автор: Нұржан Тойшы / Nurzhan Toishy